Мәжілістің Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланған депутаттары, атап айтқанда, Розақұл Қалмұратов Премьер-министр Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдай отырып, жылдағы әдетке баспай, Тәуелсіздік күні тиісті деңгейде тойланбайынша, жаңа жыл қамына кірісетіндерге шектеу қоюды сұраған. Бұл туралы Bnews.kz хабарлайды.

«Тәуелсіздік күні – жас мемлекетіміз үшін біртұтас елдіктің, ынтымақтықтың, салауат пен болашаққа деген үміттің мерекесі. Ендеше, бар игілігіміздің бастауы болған Тәуелсіздігімізді бағалау үшін Тәуелсіздік мерекесіне дейін жаңа жыл мерекесіне қарқынды дайындық жүргізуге өркениетті шектеу қойып, Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік күніне ауқымды түрде дайындық жүргізуді және өткізуді Үкіметтік деңгейде қолға алынуы тиіс деп санаймыз. Бұл мәселеге қатысты жауапты жазбаша түрде жария етсеңіздер»,- деген депутат. Депутаттың айтуынша, жақында күнтізбеге енгізілген Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік күні жылдан-жылға шыршаның көлеңкесінде қалып қояды.

«Желтоқсан айы басталмай жатып, еліміздің барлық қалаларында Жаңа жыл мерекесіне дайындық басталып кетеді. Биік ғимараттарға құттықтау сөздері ілініп, миллиондаған ақша жұмсалып, шыршалар орнатыла бастайды. Бірақ, Жаңа жылға дейінгі еліміз үшін үлкен мерекелер – Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік күні мейрамдары туралы ешқандай ақпараттар кездестірмейсіз. Тек қана үш-төрт күн қалғанда Бұқаралық ақпарат құралдарында, кейбір бағдарламаларда жүгіртпе жолдар беріле бастайды. Бұл Тәуелсіздік күнін Жаңа жыл мерекесінің, шыршаның көлеңкесінде қалып қоятынын көрсетеді. Егер біз ұлт ретінде тәуелсіздігімізді қадір тұтсақ, ең алдымен осы мейрамдарға көңіл бөлуіміз керек. Біз жаңа жылды тойлауға, қалаларды, елді мекендерді безендіруге, шыршаларды орнатуға қарсы емеспіз. Бірақ, алдымен Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік күнін мерекелегеннен кейін жаңа жылды қарсы алуға кіріссек те болар еді ғой. Желтоқсан айын Тұңғыш Президент күні, Тәуелсіздік күнін тойлаумен өткізудің тәрбиелік, тағылымдық мәні қаншалықты зор екені белгілі. Сол себепті, Үкіметке желтоқсанның бірінші жартысында осы мерекелер рухына сәйкес, көшелер мен қалаларды Елбасының алуан түрлі қызметін көрсететін, Тәуелсіздік рухын танытатын плакаттар мен стендтер, жарық беруші таблолармен безендіріп, жүйелі түрде халқымызды, жастарды отансүйгіштікке, бірлікке, қоғамдық келісімге шақыратын іс-шараларды ұйымдастыру үшін тиісті министрліктерге және жергілікті атқарушы органдарға тапсыруды ұсынамыз», - деп тұйіндеген өз сөзін Қалмұратов.
Қазақстанда жыл сайын жаңа жыл депутат айтқандай үрдісте тойланады. Жаңа жылға бір ай уақыт қалған сәттен бастап көшелер, мемлекеттік мекемелер безендіріліп, шырша сәнделеді. Мемлекет аумағында мыңдаған шыршалар тігіліп, онда екі ай бойы жарқылдап, қаптаған шырақтар жанып тұрады. Есесіне Қазақстанның тәуелсіздік күні тек бірнеше күн ғана атап өтіледі, ән ұран айту мен шағын жиналыстар ғана ұйымдастырылады. Еске салатын болсақ, соңғы жылдары қазақ тілді журналисттер депутат айтқан мәселені үзбей жазып келе жатқан болатын.